Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды: 240 мыңға жуық талапкер тест тапсырады

Бақытжан Мұса · · 1 284 қаралым
Қазақстанда негізгі ҰБТ басталды: 240 мыңға жуық талапкер тест тапсырады

Қазақстанда 10 мамырдан бастап негізгі Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, биылғы ҰБТ 10 шілдеге дейін жалғасады. Емтиханға қатысу үшін шамамен 240 мың талапкер өтініш берген, деп хабарлайды Qandasrar.kz.

Ұлттық тестілеу орталығының директоры Нұрсейіт Байжановтың айтуынша, талапкерлер арасында техникалық мамандықтарға қызығушылық жоғары болып отыр. Ең көп таңдалған пәндер комбинациясы — «Математика-Физика». Бұл бағытты талапкерлердің 17,9 пайызы таңдаған. Көбіне бұл комбинацияны инженерлік және энергетика саласына түскісі келетін түлектер таңдайды. Ал «Биология-Химия» пәндерін 14,5 пайыз талапкер таңдаса, шығармашылық бағыттарға 12,4 пайыз үміткер қызығушылық танытқан.

Биыл талапкерлердің басым бөлігі, яғни 74 пайызы тесті қазақ тілінде тапсыруды жөн көрген. Орыс тілін 26 пайыз таңдаса, 851 адам ағылшын тілінде емтихан тапсырады.

2026 жылғы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалды. Түлектер үш міндетті және екі бейіндік пән бойынша жалпы 120 тапсырма орындайды. Ең жоғары көрсеткіш — 140 балл. Тест тапсыру уақыты 4 сағатты құрайды, ал ерекше білім беру қажеттілігі бар талапкерлерге қосымша 40 минут беріледі.

Сонымен қатар тест кезінде талапкерлерге калькулятор, Менделеев кестесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Апелляцияға өтінішті тест аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде ғана беруге болады.

ЖОО-ға түсу үшін белгіленген шекті баллдар да өзгеріссіз қалды. Ұлттық университеттерге түсу үшін кемінде 65 балл қажет болса, басқа жоғары оқу орындары үшін 50 балл жеткілікті. Педагогика мен құқық мамандықтарына түсу үшін 75 балл, ал медицина саласына кемінде 70 балл жинау талап етіледі.

Министрлік мәліметінше, тестілеу барысындағы бейнежазбаларды тексеру 31 қазанға дейін жалғасады. Егер ереже бұзу фактілері анықталса, талапкердің нәтижесі, тіпті грант иегері атанған жағдайда да, жойылуы мүмкін.

Бөлісу: Telegram WhatsApp