Қазақстанда ұйымдасқан қылмыстық топтарға (ҰҚТ) қатысты қылмыстық істер бойынша тергеу жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, биыл осындай топтардың мүшелеріне қатысты 45 қылмыстық іс сотқа жолданған.
Құзырлы органдар қылмыстық топтардың барлық мүшелерін анықтап, олардың заңсыз әрекеттерін құжаттауға және істі сотқа дейін жеткізуге бағытталған жұмыстар жүргізіп келеді.
Бірқатар істер бойынша сот үкімі де шыққан.
Қарағанды облысында тау-кен байыту кәсіпорындарынан тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлаған қылмыстық қоғамдастықтың ұйымдастырушысы мен 10 мүшесі сотталды. Оларға 13 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Сол өңірде ірі кәсіпорын аумағынан мүлікті алаяқтық жолмен ұрлаған ҰҚТ басшысы мен төрт қатысушы да сот алдында жауап берді. Олар 10 жылға дейін сотталды.
Алматыда автокөліктерді заңсыз тіркеу, VIN-кодтар мен ақпараттық жүйелердегі мәліметтерді өзгерту және көлік сатуда алаяқтық жасауға қатысы бар 13 адамға сот үкімі шықты. Олардың барлығы 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Астанада есірткі өткізумен айналысқан ҰҚТ ұйымдастырушысы мен бес қатысушысы сотталды. Топ жетекшісі 17 жылға, ал оның сыбайластары 16 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.
Ал Қызылордада кәсіпкерлерден жүйелі түрде ақша бопсалаған қылмыстық орта өкілдерінің сегізі сотталды. Оларға 11 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
ІІМ мәліметінше, ұйымдасқан қылмысқа қатысы бар тұлғаларды анықтау және оларды заң аясында жауапкершілікке тарту жұмыстары жалғасып жатыр.