Қазақстанда отандық тауар өндірушілерді қолдау күшейіп келеді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беріп қана қоймай, олардың өнімін өткізуге кепілдік жасап, жаңа өндірістер ашуға және экспортты дамытуға жағдай жасап отыр.
Мәселен, 2025 жылы «Самұрық-Қазына» қоры қазақстандық тауар өндірушілерден шамамен 2,2 трлн теңгеге өнім мен қызмет сатып алды. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп.
Ал 2026 жылдың алғашқы алты айында қор отандық өндірушілермен жалпы құны 594 млрд теңгеден асатын 3,8 мыңнан астам келісімшарт жасасты.
Отандық өндірісті дамыту үшін офтейк-келісімшарттар да белсенді қолданылып жатыр. Соңғы жеті жылда жаңа өндірістерді іске қосуға бағытталған 108 жоба мақұлданып, олардың жалпы құны 610 млрд теңгеге жетті. Бұл жобалар нәтижесінде 3 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады.
Мемлекеттік қолдау автомобиль жасау, машина жасау, металлургия, химия, тоқыма және басқа да салаларды қамтып отыр. Қазақстанда жаңа автозауыттар ашылып, автокомпоненттер, шиналар, ауыл шаруашылығы және жол-құрылыс техникасы өндірісі жолға қойылуда.
Шағын және орта бизнес те назардан тыс қалған жоқ. «Даму» қоры арқылы 2024 жылдан 2026 жылғы тамызға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі 10,3 мың жобаға 2,2 трлн теңге көлемінде кредиттік қолдау көрсетілді.
Сонымен қатар 2025 жылы іске қосылған «Өрлеу» бағдарламасы аясында 588 млрд теңгеге 2 278 жоба қаржыландырылды. 2026 жылдың басынан бері тағы 131 жобаға шамамен 23 млрд теңге бөлінді.
Үкіметтің басты мақсаты – Қазақстанда шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбектерді қалыптастыру.
Бұл импортқа тәуелділікті азайтып, жаңа кәсіпорындар ашуға және жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Отандық өндірісті қолдау мұнай-газ, ауыл шаруашылығы және басқа да ірі салаларға да таралып отыр. Ірі компанияларға қазақстандық тауарлар мен қызметтерді көбірек пайдалану талаптары енгізіліп, жаңа өндірістерді ел ішінде локализациялау жұмыстары жүргізілуде.
Үкіметтің мәліметінше, бұл шаралар Қазақстан экономикасын әртараптандырып, отандық кәсіпорындардың ішкі және сыртқы нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.