Ұлттық экономика министрлігі Салық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасына қатысты реттеуші саясаттың консультативтік құжатын әзірледі. Құжатта инвестициялық ахуалды жақсарту мен салықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған бірқатар бастама ұсынылғанын Qandastar.kz сайты хабарлады.
Ұсыныстардың бірі – Қазақстан азаматтары үшін жаңа жұмыс орындарын ашу және білім трансфертін қамтамасыз ету шарттарымен жоғары технологиялық өндірістерге инвестиция тарту мақсатында бес жылға дейінгі мерзімге уақытша ынталандырушы салық режимін енгізу.
Сонымен қатар, инвестициялық келісімшарттар аясында пайдаланылатын шикізат пен материалдарды белгіленген талаптар сақталған жағдайда қосылған құн салығынан (ҚҚС) босату ұсынылып отыр.
Бұдан бөлек, күрделі теңіз жобалары бойынша көмірсутек өндіруге арналған келісімшарттар шеңберінде жер қойнауын пайдаланушылар сатып алатын және кейін қорғаныс саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның пайдалануына Қазақстанның меншігіне берілетін тауарлар бойынша ҚҚС сомасын есепке жатқызу құқығын енгізу көзделген.
Жоба аясында 2026 жылғы 1 қаңтарға дейін қолданылған инвестициялық басым жобаларды іске асыратын ұйымдарға арналған салықтық преференциялар беру тәртібін қайта қалпына келтіру де ұсынылған.
Сондай-ақ Салық кодексіндегі анықталған құқықтық олқылықтарды жою және салықтық реттеуді жетілдіруге бағытталған түзетулер енгізу жоспарланып отыр.
Министрліктің мәліметінше, ұсынылған өзгерістер салық заңнамасының тиімділігі мен құқықтық айқындылығын арттыруға, инвестициялар мен жоғары білікті мамандарды тартуға қолайлы жағдай жасауға, инвесторлар мен салық төлеушілер үшін әкімшілік кедергілерді азайтуға, сондай-ақ елдің салық жүйесінің тұрақтылығы мен болжамдылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, шетелдік азаматтардың жекелеген санаттарына арналған салықтық ынталандыру шараларын енгізу Қазақстанның жоғары білікті мамандар, кәсіпкерлер мен инвесторлар үшін тартымдылығын арттырып, адами капиталды дамытуға және жаңа жұмыс орындарын құруға ықпал етеді.
Аталған құжат 27 шілдеге дейін «Ашық НҚА» порталында жария талқылауға шығарылды.