Астанада өткен Құрылтай отырысында әлеуметтік желілердегі треш-контент мәселесі талқыланды.
Депутаттар тікелей эфирде адамды қорлау, балағаттау және қауіпті пранктер ұйымдастыруға жауапкершілік енгізуді ұсынды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Депутат Жарқынбек Амантайұлының айтуынша, кейбір стримерлер әдейі арандатушы әрекеттерге барып, көрермен санын көбейтуге тырысады. Ал жоғары қаралым кейін лайк, донат және жарнамадан табыс табуға мүмкіндік береді.
Осының салдарынан заңға қайшы әрекеттер кей жағдайда ақша табудың тәсіліне айналып отыр.
Депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады. Оның ішінде «треш-стриминг» ұғымын заңда нақты бекіту, зорлық-зомбылық, қауіпті пранк, қорлау және әдейі арандатушы эфирлер үшін жауапкершілікті күшейту бар.
Сонымен қатар TikTok, Instagram, YouTube секілді платформалармен бірлесіп, заңға қайшы тікелей эфирлерді жылдам анықтап, бұғаттау және авторларын сәйкестендіру тетігін енгізу ұсынылды.
Азаматты рұқсатынсыз эфирге шығарып, оның абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірген жағдайда жәбірленушілерді қорғау шараларын да күшейту көзделіп отыр.
Депутат әлеуметтік желідегі заңсыз контентті бақылаудың бірыңғай мемлекеттік жүйесін құруды да ұсынды.