Экология және табиғи ресурстар министрлігі үй жануарларын ұстау және серуендету қағидаларына өзгерістер енгізді. Жаңартылған талаптар 2026 жылғы 24 тамыздан бастап күшіне енеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Жаңа ережеге сәйкес, егер иесі үй жануарын әрі қарай асырай алмаса, оны жануарлар панасына, уақытша ұстау орнына немесе қажетті жағдай жасай алатын жеке не заңды тұлғаларға беруге міндетті.
Сондай-ақ жануар уақытша ұстау орнына тапсырылған жағдайда, оның құқықтық мәртебесі анықталғанға дейін күтіп-бағу шығындарын иесі немесе жауапты тұлға қамтамасыз етуі тиіс.
Құжатта үй жануарынан бас тарту оның иесінің жауапкершілігін бірден тоқтатпайтыны нақты көрсетілген. Жауапкершілік жануар жаңа иесіне берілгенге, паналауға тапсырылғанға немесе оның құқықтық мәртебесі заң аясында толық шешілгенге дейін сақталады.
Жаңартылған қағидалар 24 тамыздан бастап ресми түрде қолданысқа енгізіледі.