Енді діни мәселелер бойынша сұрақтарға жасанды интеллект арқылы жауап алу мүмкіндігі пайда болады. Қазақстанда мамыр айынан бастап «виртуалды имам» жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты КТК телеарнасына сілтеп хабарлады.
Жаңа қосымша пайдаланушыларға дінге қатысты сұрақтарына жедел жауап алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ол имамдардың жүктемесін азайтуға бағытталған. Жауаптар тексерілген және сенімді дереккөздер негізінде ұсынылады.
Мамандардың айтуынша, бұл жоба діни ақпараттың қате түсіндіріліп, бұрмалануына және жалған мәліметтердің таралуына тосқауыл болады. Мүфтият өкілдері дін саласына жасанды интеллектіні енгізу – қазіргі заманның қажеттілігі екенін атап өтті.
ҚМДБ Цифрлық даму бөлімінің меңгерушісі Тимур Орынхановтың сөзінше, пәтуа бөлімі дайындаған сұрақ-жауаптар базасы жобаға енгізілген. Оның ішінде ораза, зекет, қажылық және құрбандық сияқты негізгі тақырыптар қамтылған. Қазіргі таңда жоба 80–90% дайын, ал оны мамыр айының алғашқы жартысында іске қосу жоспарланып отыр.