Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда жалақы қалай өзгерді: 2021 жылдан бергі көрсеткіштер

Бақытжан Мұса · · 48 қаралым
Қазақстанда жалақы қалай өзгерді: 2021 жылдан бергі көрсеткіштер

2026 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңге деңгейінде сақталды. Ал осы жылдың бірінші тоқсанында елдегі орташа айлық жалақы 461 486 теңгеге жетті. Соңғы жылдардағы жалақы көрсеткіштерінің өзгерісіне назар аударсақ, орташа табыс көлемі біртіндеп өсіп келе жатқанын байқауға болады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

2021 жылы Қазақстандағы ең төменгі жалақы 42 500 теңге болса, орташа айлық жалақы 243 667 теңгені құрады. 2022 жылы ең төменгі жалақы 60 мың теңгеге, ал орташа жалақы 309 697 теңгеге дейін өсті.

Одан кейінгі жылдары көрсеткіштер мынадай болды:

2023 жылы – ең төменгі жалақы 70 мың теңге, орташа жалақы 364 295 теңге;

2024 жылы – тиісінше 85 мың және 434 982 теңге;

2025 жылы – 85 мың және 443 315 теңге;

2026 жылы – 85 мың және 461 486 теңге.

Осы деректерге сәйкес, соңғы жылдары орташа жалақы көлемі тұрақты түрде артып келеді. Ал ең төменгі жалақы 2024 жылдан бері 85 мың теңге деңгейінде өзгеріссіз қалып отыр.

Орташа жалақы барлық қызметкерлерге төленген табыстың жалпы көлемін жұмыс істейтін азаматтардың санына бөлу арқылы есептеледі. Сондықтан бұл көрсеткіш тұрғындардың нақты табыс деңгейін толық көрсете бермейді. Себебі есептеу кезінде жалақысы өте жоғары және төмен қызметкерлердің табыстары қатар ескеріледі.

Ал ең төменгі жалақыны белгілеу кезінде бірнеше экономикалық фактор назарға алынады. Олардың қатарында ең төменгі күнкөріс деңгейі, инфляция көрсеткіштері және макроэкономикалық болжамдар бар.

2026 жылы Қазақстандағы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды. Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросы елдегі инфляцияға қатысты жыл сайынғы деректерді жариялап отырады. Бұл көрсеткіштер халықтың табысы мен әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалауда маңызды рөл атқарады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp