Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда жаңа конституциялық орган – Халық Кеңесі құрылуы мүмкін

Бақытжан Мұса · · 122 қаралым
Қазақстанда жаңа конституциялық орган – Халық Кеңесі құрылуы мүмкін

2026 жылғы 15 мамырда Парламент палаталарының бірлескен отырысында Әділет министрі Ерлан Сәрсембаев «Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заң жобасын таныстырды. Бұл туралы Zakon.kz мәліметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz сайты хабарлады.

Министрдің айтуынша, заң жобасының басты мақсаты – халықтың мүддесін білдіретін және мемлекеттік саясатты қалыптастыру мен жүзеге асыруға қоғамның қатысуын күшейтетін жаңа конституциялық институт құру. Құжатқа сәйкес, Қазақстан Халық Кеңесі ең жоғары конституциялық консультативтік орган ретінде белгіленеді. Заңда оның міндеттері, өкілеттіктері, құрылымы мен жұмыс тәртібі нақты айқындалады.

Ерлан Сәрсембаев бұл бастама мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты ұлттық диалогты дамытуға бағытталғанын айтты. Оның сөзінше, жаңа орган «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асырудың негізгі тетіктерінің біріне айналмақ. Сонымен қатар, Кеңес мемлекеттік органдардың қызметін алмастырмайды және олардың өкілеттіктерін қайталамайды. Ол ішкі саясаттың маңызды бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейтін консультативтік алаң ретінде жұмыс істейді.

Заң жобасында Кеңестің ұйымдық құрылымы да қарастырылған. Жоғарғы органы – Сессия, онда негізгі шешімдер қабылданады. Оның ішінде заң шығару бастамаларын ұсыну және референдум өткізу туралы ұсыныстар енгізу мәселелері бар. Сессиялар аралығында тұрақты жұмыс атқаратын Төралқа қызмет етеді. Сонымен қатар, комитеттер, комиссиялар және жұмыс топтары құрылып, олардың қызметін Секретариат қамтамасыз етеді.

Қазақстан Халық Кеңесінің құрамына этномәдени бірлестіктердің, қоғамдық ұйымдардың, үкіметтік емес сектордың, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестердің өкілдері енеді. Кеңес мүшелерінің жалпы саны 42 адам болады. Олардың өкілеттік мерзімі – 4 жыл. Төраға Сессияда сайланады және бір адам бұл қызметті екі реттен артық атқара алмайды.

Кеңестің негізгі міндеттеріне ішкі саясат бойынша ұсыныстар әзірлеу, заң шығару процесіне қатысу, референдум өткізу жөнінде бастама көтеру, қоғамдық талқылаулар ұйымдастыру және қоғамдық бақылауға қатысу кіреді. Алайда оның барлық өкілеттіктері кеңес беру сипатында болады.

Сондай-ақ жаңа органға Дүниежүзілік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі ұйымдастыру функциясы жүктелмек. Министрдің айтуынша, мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалар Кеңес ұсынған бастамаларды міндетті түрде қарауға тиіс болады.

Егер заң қабылданса, «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» заңның күші жойылады. Парламент депутаттары заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.

Бөлісу: Telegram WhatsApp