Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстанда жыл басынан бері 249 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Бақытжан Мұса · · 63 қаралым
Қазақстанда жыл басынан бері 249 мыңнан астам адам жұмысқа орналасты

Қазақстанда 2026 жылдың басынан бері 249 598 адам жұмысқа орналасты. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша жұмысқа орналасқан азаматтардың 96 415-і тұрақты жұмыс орындарына қабылданған.

Ведомствоның хабарлауынша, жыл басынан бері тұрақты жұмыспен қамтылған қазақстандықтардың саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30 мыңнан астам адамға көбейген. Қазіргі таңда жұмысқа орналасқандардың шамамен үштен екісі тұрақты еңбекпен қамтылып, тұрақты табыс пен әлеуметтік кепілдіктерге ие болған.

Министрлік еңбек нарығындағы үрдістердің де өзгеріп жатқанын атап өтті. Бұрын жұмыспен қамтудың басым бөлігі уақытша жұмыс орындары арқылы жүзеге асса, қазір ұзақ мерзімді еңбекке орналасуға басымдық беріліп отыр. Соның нәтижесінде уақытша жұмысқа орналасқандар саны 115 960 адамнан 76 953 адамға дейін қысқарған.

Сонымен қатар 2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша еліміздегі жұмыспен қамтылғандар саны 9 млн 392 мың адамға жеткен. Ал жалдамалы қызметкерлердің саны шамамен 150 мың адамға артқан.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы жалпы жұмыссыздық деңгейі 4,5%-ды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3%-ды құрайды.

Еске салайық, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Үкімет отырысында автомобиль өнеркәсібіне қажетті 31 жаңа мамандық әзірленгенін және 22 қолданыстағы мамандықты жаңғырту жоспарланып отырғанын мәлімдеген болатын.

Бөлісу: Telegram WhatsApp