Қазақстандағы бірқатар жолаушылар пойызында интернет қолжетімді бола бастады. Көлік министрлігі теміржол саласын цифрландыру аясында әлеуметтік маңызы бар бес бағыттағы пойыздарды спутниктік байланыс арқылы Wi-Fi желісімен қамтамасыз етті. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, теміржол көлігін цифрландыру және жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын жақсарту жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған арналған жиында әлеуметтік маңызы бар бағыттарда жолаушылар тасымалын жүзеге асыратын компаниялар биылғы алғашқы жартыжылдықтың қорытындысын шығарып, саланы одан әрі дамыту мәселелерін қарастырды.
Қазіргі уақытта Қызылорда – Павлодар, Жезқазған – Астана, Астана – Семей, Алматы – Достық және Қызылорда – Көкшетау бағыттарында қатынайтын пойыздар интернет желісімен қамтылған.
Спутниктік байланыс технологиясының арқасында жолаушылар ұялы байланыс жоқ теміржол учаскелерінде де тұрақты интернетке қосыла алады.
Пойыздағы Wi-Fi желісіне қосылып, авторизациядан өткен жолаушылар WhatsApp және Telegram мессенджерлері арқылы мәтіндік хабарламаларды тегін жібере алады. Ал әлеуметтік желілерді, бейнеплатформаларды және өзге де интернет қызметтерін пайдалану үшін ақылы тарифтер ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін Жетісу облысында байланыс сапасының төмендігіне байланысты сот шешімімен ұялы байланыс операторы тұтынушыларға өтемақы төлеген болатын. Тұрғындардың 41 күн бойы мобильді байланыс пен интернет қызметін толық пайдалана алмағаны анықталып, медиативтік келісім нәтижесінде абоненттерге жалпы 234 мың теңгеден астам қаражат қайтарылды.