Зерттеушілердің айтуынша, сталиндік қуғын-сүргін жылдары қазақ даласында 25 мыңнан астам адам атылған, ал кейбір тарихшылар бұл көрсеткіш бұдан да жоғары болуы мүмкін деп есептейді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Қазақстандағы саяси қуғын-сүргіннің басталуы 1920-жылдардың ортасымен байланыстырылады. 1925 жылы Филипп Голощекин Қазақстанға басшылыққа келіп, “Кіші Қазан” саясатын жүргізе бастады. Бұл кезең ұлттық интеллигенцияға қарсы қысымның күшеюіне алып келді.
1928 жылдан бастап Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлер жаппай тұтқындалып, “буржуазиялық-ұлтшыл” деген айып тағылды. Олардың бір бөлігі ату жазасына кесіліп, қалғандары түрмеге немесе жер аударуға жіберілді.
Жаппай репрессияның ең ауыр кезеңі 1937–1938 жылдары өтті. Сталиннің саяси науқандарынан кейін Қазақстанда 120 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, шамамен 25 мың адам атылғаны айтылады. Бұл кезеңде мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғалымдар, жазушылар мен дін өкілдері жаппай жазаланды.
Тарихшылар қуғын-сүргінді үш негізгі кезеңге бөледі: 1929–1932 жылдары алғашқы тұтқындаулар мен сот процестері жүрсе, 1937–1938 жылдары “халық жауларын жою” науқаны ең шарықтау шегіне жетті. Ал 1946–1953 жылдары “буржуазиялық ұлтшылдар” мен “космополиттерге” қарсы жаңа толқын басталды.
Сарапшылардың пікірінше, бұл кезеңдер қазақ интеллигенциясына ауыр соққы болып, ұлттық мәдениет пен қоғам дамуына үлкен зардап келтірді. Қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде 31 мамыр белгіленіп, кейінгі жылдары тарихи әділдікті қалпына келтіру бағытында зерттеу жұмыстары жалғасып келеді.