Қазақстанды велосипедпен аралап жүрген саяхатшы Бүрлен Әділет Алматы қаласына жетті. Бұл туралы Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған Qandastar.kz хабарлады.
Бүрлен Әділет өз сапарын 20 сәуірде Ақтау қаласынан бастаған. Содан бері ол еліміздің батыс және оңтүстік өңірлерін аралап, шамамен 3800 шақырым жол жүріп өтті. Кезекті бағыты бойынша саяхатшы Алматыға келіп, енді Астанаға жол тартуды жоспарлап отыр.
Саяхатшының айтуынша, бұл оның Алматыға алғашқы сапары емес. Ол шаһардың табиғаты мен тұрғындарының қонақжайлығын ерекше бағалайтынын жеткізді.
Бүрленнің сапардағы тұрақты серігі – Орал есімді марғау. Оның айтуынша, бұл атау туған қаласы Оралды, тарихи Отанына оралу идеясын және саяхаттың рухани маңызын білдіреді.
Саяхатшы бұл сапар арқылы Қазақстанның көрікті жерлерін кеңінен таныстырып, елдің тарихы мен мәдениетін тереңірек зерттеуді мақсат етеді.
«Менің басты мақсатым – Қазақстанның әсем табиғаты мен бай мұрасын көпшілікке көрсету. Әр сапарымды бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде бөлісемін. Шетелде туып-өскен қандастарымыз өздерінің тарихи Отанының қаншалықты көркем екенін көрсе деймін. Сонымен қатар Қазақстанды толық аралап, оның тарихы мен мәдениетін жақынырақ танығым келеді», – деді Бүрлен Әділет.