Қазақстандық блогер Дастан Мұхамедрақым Францияның Канн қаласында өткен WIBA Travel Awards халықаралық марапаттау рәсімінде «Үздік саяхатшы-блогер 2026» номинациясы бойынша жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Қуанышты жаңалықпен блогер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында бөлісті.
Айта кетейік, Дастан Мұхамедрақым биыл 25 сәуірде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездескен болатын. Кездесу кезінде ол бастапқы мамандығы қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі екенін айтып, шығармашылыққа деген қызығушылығы блогерлікке алып келгенін жеткізген еді.
Бүгінде Дастан дрон мен кәсіби камералардың көмегімен Қазақстан мен шетелдердің көрікті табиғатын, мәдениеті мен туристік орындарын түсіріп, әлеуметтік желілерде тұрақты түрде жариялап келеді. Оның видеолары арқылы әлемнің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған көрермен Қазақстанның әсем табиғаты мен туристік әлеуетін танып жүр.
Еске сала кетсек, бұған дейін Францияда өткен 79-шы Канн халықаралық кинофестивалі өз мәресіне жеткен болатын.