Қазақстанның жоғары оқу орындары талапкерлерге 2026 жылы 2 мыңнан астам өзіндік білім беру грантын ұсынады, деп хабарлайды Ғылым және жоғары білім министрлігіне сілтеме жасаған Qandastar.kz.
Министрліктің мәліметінше, республикалық бюджет пен жергілікті атқарушы органдар бөлетін мемлекеттік гранттардан бөлек, университеттер өз қаражаты есебінен ректорлық, университеттік және ішкі гранттар тағайындайды. Сонымен қатар бірқатар ЖОО оқу ақысына жеңілдіктер мен атаулы стипендиялар ұсынады.
2026 жылы жоғары оқу орындарының ішкі гранттарының жалпы саны 2 мыңнан асады. Әр университет гранттарды тағайындау тәртібін және талаптарын өз бетінше анықтайды.
Талапкерлерді іріктеу кезінде ҰБТ нәтижелері, академиялық үлгерім, «Алтын белгі» иегері болуы, олимпиадалардағы, ғылыми, шығармашылық және спорттық жарыстардағы жетістіктері ескерілуі мүмкін. Кейбір университеттер талапкердің әлеуметтік жағдайына да назар аударады.
Министрлік университеттердің ішкі гранттары оқу үлгерімі жоғары және дарынды жастарды қолдауға, сондай-ақ әлеуметтік осал санаттағы азаматтар үшін жоғары білімнің қолжетімділігін арттыруға бағытталғанын атап өтті.
Гранттардың саны, талаптары, құжат қабылдау мерзімі және қажетті құжаттар тізімі әр оқу орнында әртүрлі. Сондықтан талапкерлер толық ақпаратты таңдаған университеттің ресми сайтынан немесе қабылдау комиссиясынан нақтылауы қажет.
Ірі бағдарламалардың бірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жүзеге асырылады. 2026-2027 оқу жылына Түркия тарапынан аталған университетке 500 білім беру квотасы бөлінген. Құжаттар 10-15 тамыз аралығында қабылданады.
Конкурсқа мемлекеттік білім гранты конкурсына қатысуға мүмкіндік беретін ҰБТ сертификаты бар және университет белгілеген шекті балды жинаған Қазақстан азаматтары қатыса алады.
Қазақстандағы ішкі гранттар ұсынатын басқа жоғары оқу орындары туралы ақпаратты Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми сайтынан алуға болады.
Айта кетейік, бұған дейін 2026-2027 оқу жылына арналған мемлекеттік білім беру гранттарының иегерлері жарияланған болатын. Биыл 75 мыңнан астам талапкер Қазақстанның жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.