2026 жылғы футболдан Әлем чемпионаты Қазақстан аумағында ресми түрде көрсетіледі.
Чемпионат матчтарын көрермендер «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде тамашалай алады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
«Қазақстан» телерадиокорпорациясы 11 маусым мен 19 шілде аралығында өтетін жаһандық дода ойындарын ел аумағында көрсету құқығына ие болды. Матчтар телеарналардан бөлек qazaqstan.tv, qazsporttv.kz сайттарында, «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы мен «Birge.tv» платформасында онлайн көрсетіледі.
2026 жылғы Әлем чемпионаты тарихта алғаш рет бірден үш елде — АҚШ, Канада және Мексикада өтеді. Турнир ойындары 16 қалада ұйымдастырылады. Сонымен қатар алғаш рет әлем біріншілігіне 48 құрама қатысып, жалпы саны 104 матч ойнатылады.
Чемпионат кезінде арнайы студиялық бағдарламалар эфирге шығып, көрермендерге матч алдындағы талдау мен сараптамалар ұсынылады. Сондай-ақ «Қазақстан» телерадиокорпорациясының түсірілім топтары турнир өтетін қалалардан тікелей репортаждар әзірлейді.
Корпорация мәліметінше, Әлем чемпионаты матчтарын өзге платформаларда немесе ақпараттық ресурстарда рұқсатсыз көрсетуге және таратуға тыйым салынады. Қоғамдық орындар мен ғимараттардағы көрсетілімдер де құқық иесінің талаптарына сәйкес ұйымдастырылуы қажет.