Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылар құқығын қорғау комитеті қазақстандықтар қай салаларға жиі шағымданатынын мәлімдеді. Бұл туралы комитет төрағасы Болат Танабергенов 22 мамыр күні өткен брифингте айтты, дейді Qandastar.kz.
Оның сөзінше, 2026 жылдың басынан бері комитет пен өңірлік департаменттерге 22 мыңнан астам өтініш түскен. Ең көп шағым бөлшек сауда саласына қатысты тіркелген. Сонымен қатар электронды сауда, тұрмыстық қызмет көрсету, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және байланыс қызметтеріне қатысты арыздар да жиі түседі.
Комитет басшысы интернет арқылы сауда жасауға байланысты шағымдардың саны артып келе жатқанын атап өтті. Бұл цифрландырудың дамуы мен онлайн сатып алушылар санының көбеюімен байланысты.
Тексеру нәтижесінде 430 әкімшілік іс қозғалып, 12 миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сондай-ақ жыл басынан бері тұтынушыларға 405,6 миллион теңге қайтарылып, олардың құқықтары қорғалған.
Мысалы, Павлодар облысында тұрғындарға сапасыз косметикалық өнімдер мен қызметтер үшін 2,4 миллион теңге өтелген. Ал Жетісу облысында интернет және байланыс қызметтерінің сапасына қатысты сот арқылы 10 тұтынушының құқығы қорғалып, 315 мың теңге қайтарылған.