Қазақстандықтар әкімшілік айыппұлдарды eGov.kz порталы мен eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы онлайн түрде тексеріп, төлей алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлады Qandastar.kz.
«Әкімшілік айыппұлдарды іздеу және төлеу» қызметі азаматтарға өз атына тіркелген әкімшілік айыппұлдардың бар-жоғын анықтап, оларды мемлекеттік органдарға бармай-ақ онлайн төлеуге мүмкіндік береді.
Айыппұлды төлеу үшін алдымен төленетін айыппұлды таңдап, кейін төлем жүргізілетін банкті көрсету қажет. Төлем аяқталған соң пайдаланушы порталға қайта кіріп, сұранысқа электрондық қолтаңба қойып, төлемнің электрондық түбіртегін жүктей алады.
Сонымен қатар әкімшілік айыппұлдарды тексеру және төлеу тәртібі туралы толық ақпарат пен нұсқаулық бейнематериалда ұсынылған.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Алматыда көлік орындығында тұрған жылтыр пакетке айыппұл салынғаны туралы ақпарат тараған еді. Кейін бұл жағдайға қатысты полиция ресми түсініктеме берген болатын.