Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстандықтарға қоңырау шалған алаяқтар Одессада қолға түсті

Малика Хамит · · 977 қаралым
Қазақстандықтарға қоңырау шалған алаяқтар Одессада қолға түсті

Украинада қазақстандықтарды алдаған call-орталықтың қызметі тоқтатылды, деп хабарлайды

Қазақстан мен Украина құқық қорғау органдарының бірлескен арнайы операциясы нәтижесінде Одесса қаласында қазақстандықтарға қарсы интернет-алаяқтықпен айналысқан ұйымдасқан call-орталықтың жұмысы тоқтатылды.

Тергеу мәліметінше, қылмыстық топ ұзақ уақыт бойы өзін банк қызметкерлері, байланыс операторлары, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелердің өкілдері ретінде таныстырып, азаматтарды алдап келген. Олар жәбірленушілерді телефон арқылы сендіріп, смартфондарға арнайы зиянды қосымшалар орнатуға көндірген.

Құрылғыларға қашықтан қол жеткізгеннен кейін алаяқтар азаматтардың ақшасы мен жеке деректерін иемденген. Алдын ала дерек бойынша, олардың құрбаны 120-дан астам адам болған. Келтірілген шығын көлемі 85 миллион теңгеден асады.

Қаскөйлер әлеуметтік инженерияның заманауи тәсілдерін қолданған. Олар байланыс операторларының, банктердің, құқық қорғау органдарының және мемлекеттік құрылымдардың қызметкерлері ретінде өздерін таныстырып, азаматтарды смартфондарына зиянды қосымшаларды орнатуға көндірген», – деді ҚР ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы Жандос Сүйінбай.
Дәйексөз

Арнайы операция барысында сегіз тінту жүргізіліп, екі қымбат автокөлік, 26 компьютер, 49 ұялы телефон, алаяқтық сценарийлері мен психологиялық ықпал етуге арналған нұсқаулықтар тәркіленді.

Нәтижесінде Украинаның тоғыз азаматы ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір олардың Қазақстан және басқа ел азаматтарына қатысты өзге де алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.

ІІМ азаматтарды сақ болуға шақырып, банк қызметкерлері мен құқық қорғау органдары ешқашан несие рәсімдеуді немесе ақшаны «қауіпсіз шотқа» аударуды талап етпейтінін еске салды.

Белгісіз адамдардың өтініші бойынша бөгде қосымшаларды орнатпаңыз және растау кодтарын, құпиясөздерді немесе құрылғыға қолжетімділікті үшінші тұлғаларға бермеңіз
деді Жандос Сүйінбай.

[embed]https://youtu.be/0R2NLqi9z9I?si=ZGAeQsvCDNoHDMBu[/embed]

Бөлісу: Telegram WhatsApp