Мазмұнға өту
qandastar.

Қазақстандықтарға қоныс аударатын өңір мен жұмыс табуға көмектесетін жаңа сервис іске қосылды

Бақытжан Мұса · · 48 қаралым
Қазақстандықтарға қоныс аударатын өңір мен жұмыс табуға көмектесетін жаңа сервис іске қосылды

Казақстандықтарға ел ішінде қоныс аударуға және жаңа өңірде жұмыс табуға көмектесетін жаңа цифрлық сервис іске қосылды. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.

Ведомствоның мәліметінше, migration.enbek.kz порталында ерікті түрде қоныс аударуды жоспарлаған азаматтарға арналған арнайы сервис қолжетімді болды. Платформа арқылы пайдаланушылар өздерін қызықтыратын өңірді таңдап, ондағы бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, тұрғын үй жағдайы және бағдарламаға қатысу мүмкіндіктері туралы ақпарат ала алады.

Сондай-ақ порталда еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтардың өзекті тізімі жарияланған. Бұл азаматтарға қоныс аудармас бұрын жұмысқа орналасу мүмкіндігін алдын ала бағалауға мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда сұраныс жоғары мамандықтардың қатарында дәрігерлер мен медбикелер, мұғалімдер мен тәрбиешілер, инженерлер, агрономдар мен ветеринарлар, механизаторлар, тракторшылар, жүргізушілер, электромонтерлер, электриктер, дәнекерлеушілер, токарьлар, құрылыс саласының мамандары, сондай-ақ бухгалтерлер, экономистер және мемлекеттік әрі әлеуметтік қызмет саласының мамандары бар.

Министрліктің хабарлауынша, бұл тізім өңірлік еңбек нарығының сұранысына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Соның арқасында азаматтар өз мамандығының қай өңірде көбірек қажет екенін анықтап, қоныс аудару туралы шешімді саналы түрде қабылдай алады.

Бұдан бөлек, сервистің интерактивті картасында елді мекендер, әлеуметтік нысандар, инфрақұрылым және кеңес алу үшін байланыс деректері көрсетілген. Бұл қоныс аударуды алдын ала жоспарлауды жеңілдетеді.

Еске салсақ, 2026 жылы ерікті қоныс аудару бағдарламасына Абай, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстары енгізілген.

Бөлісу: Telegram WhatsApp