Қазақстанның "Іле-Балқаш" мемлекеттік табиғи резерватына Ресей Федерациясынан төрт амур жолбарысы жеткізілді. Олардың қатарында екі ересек жолбарыс пен екі төлі бар. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
Ведомство дерегінше, бұл бастама жолбарысты тарихи мекеніне қайта жерсіндіру бағдарламасының маңызды кезеңі болып саналады. Жануарлар Ресейдің Хабаровск өлкесіндегі жабайы табиғаттан ұсталып, халықаралық ынтымақтастық аясында Қазақстанға берілген.
Мамандардың айтуынша, жолбарыстар 70 жылдан астам уақыт бұрын жойылып кеткен аймаққа қайта оралады. Ғылыми зерттеулерге сәйкес, амур және тұран жолбарыстары жеке түр емес, бір түрге жататын географиялық популяциялар ретінде қарастырылады.
Сарапшылар қайта жерсіндіруге ең қолайлы аумақ ретінде Балқаш маңындағы Іле өзенінің атырауы мен оған жақын табиғи аймақтарды таңдаған.
Қазіргі таңда жолбарыстар арнайы дайындалған қоршауларға орналастырылып, ветеринарлар мен мамандардың бақылауында. Алдағы уақытта олар карантиннен өтіп, табиғи ортаға бейімделу кезеңінен өтеді.
Сонымен қатар, жыртқыштардың қозғалысын бақылау үшін оларға спутниктік қарғыбаулар тағылған. Бұл мамандарға жануарлардың жағдайын бақылап, қажет жағдайда жедел әрекет етуге мүмкіндік береді.