Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шетелдік инвесторлар кеңесінің 38-пленарлық отырысын өткізіп, Қазақстанның инвестициялық ахуалы мен экономикалық даму бағыттары туралы айтты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Мемлекет басшысы әлемдік экономикалық ахуалдың күрделі болуына қарамастан, өткен жылы Қазақстан экономикасы 6,5 пайызға өскенін атап өтті.
Оның айтуынша, елдің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан асты.
Президент Қазақстанның Орталық Азиядағы инвестиция тарту бойынша көшбасшылық орнын сақтап отырғанын айтты. Бүгінде елге тартылған тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 150 миллиард доллардан асып, өңірге келген барлық инвестицияның шамамен 70 пайызын құрап отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл нәтижелерге саяси тұрақтылық пен жүргізіліп жатқан реформалардың арқасында қол жеткізілгенін айтты. Сондай-ақ жаңартылған Конституция инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейткенін атап өтті.
Президенттің сөзінше, Қазақстанда халықаралық бизнеске қолайлы институционалдық орта қалыптасқан. Инвестициялық рәсімдерді жеңілдету үшін «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істейтін Ұлттық цифрлық инвестициялық платформа іске қосылған.
Сонымен қатар Инвестициялық штаб инвесторлардың мәселелерін жедел шешуге және мемлекет тарапынан қолдау көрсетуге бағытталған. Бұдан бөлек, шетелдік кәсіпкерлер салықтық жеңілдіктер мен жеңілдетілген көші-қон тәртібін қарастыратын Altyn visa бағдарламасын пайдалана алады. Президент бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын айтты.