Қазақстанда алдағы күндері ауа райы құбылмалы болады. Синоптиктердің болжамынша, 25-27 маусым аралығында республика аумағына солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттар әсер етеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты "Қазгидромет" РМК-ға сілтеме жасап хабарлады.
Осыған байланысты елдің бірқатар өңірінде жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. Кей жерлерде бұршақ түсіп, жел күшейіп, шаңды дауыл болуы мүмкін.
Мамандардың мәліметінше, 25 маусымда солтүстік және солтүстік-батыс өңірлерде, 25-26 маусымда шығыста, ал 26-27 маусым күндері батыс пен солтүстік-батыста нөсер жаңбыр жаууы ықтимал.
Сонымен қатар солтүстік-батыс, солтүстік және орталық облыстарда аптап ыстықтың беті қайтып, күндіз ауа температурасы +23...+28 градусқа дейін төмендейді.
Ал оңтүстік және шығыс өңірлерде ыстық ауа райы сақталады. Ашхабад маңынан келетін құрғақ әрі жылы ауа массаларының әсерінен ауа температурасы +33...+38 градус шамасында болып, кей аудандарда +40...+42 градусқа дейін көтерілуі мүмкін.
Қазгидромет мамандары тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруіне байланысты сақтық шараларын ұстануға кеңес берді.