Kazakh Tourism 2026 жылғы «Үздік туристік ауыл» байқауының қорытындысын шығарып, елдегі туристік әлеуеті жоғары бес ауылды анықтады. Forbes.kz порталының хабарлауынша, рейтингке табиғаты мен тарихи-мәдени мұрасы ерекше елді мекендер енген, дейді Qandastar.kz сайты.
Тізімге Павлодар облысындағы Торайғыр ауылы, Жетісу облысындағы Басшы ауылы, Шығыс Қазақстандағы Берел және Коробиха ауылдары, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысындағы Имантау ауылы кірді.
Фото: 2gis.kz
Торайғыр ауылы Баянауыл ұлттық паркінің аумағында орналасқан. Ауыл көркем табиғатымен, гранитті жартастарымен, қарағайлы ормандарымен және Торайғыр көлімен танымал.
Фото: 2gis.kz
Басшы ауылы «Алтын-Емел» ұлттық паркінің негізгі туристік қақпасы саналады. Бұл жерден саяхатшылар Әншіқұм, Ақтау мен Катутау тауларына, сондай-ақ Бесшатыр қорғандарына бара алады.
Фото: 2gis.kz
Берел ауылы маңында сақ дәуіріне жататын әйгілі Берел қорғандары орналасқан. Археологиялық кешен ежелгі жәдігерлердің жақсы сақталуымен ерекшеленеді.
Фото: 2gis.kz
Коробиха ауылы тарихи келбетін сақтап қалған елді мекендердің бірі. Мұнда агротуризм дамып, туристер жергілікті музейлер мен дәстүрлі омарта шаруашылығымен таныса алады.
Фото: 2gis.kz
Имантау ауылы аттас көлдің жағасында орналасқан. Демалыс орны ретінде танымал бұл ауылда жағажай туризмі, балық аулау, қайық серуені және глэмпинг бағыттары қарқынды дамып келеді.