Қазақстан дәстүрлі астық экспорттаушы елден өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және экспорттайтын ірі агроазық-түлік хабына айналу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп жатыр. Бұл туралы The World Financial Review басылымында жарияланған сараптамалық мақалада айтылған, деп хабарлайды Qandastar.kz.
Соңғы жылдары еліміз ауыл шаруашылығы өндірісін ұлғайтып, экспорт нарығын кеңейтіп, өнімді терең өңдеуге және суару инфрақұрылымын жаңғыртуға инвестиция салуда. Соның нәтижесінде агроөнеркәсіп кешені шикізат өндіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамти бастады.
2025 жылы Қазақстанда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 18,2 млрд доллардан асып, 25,9 млн тонна астық жиналды. Сонымен қатар өңделген агроазық-түлік өнімдерінің экспорты айтарлықтай өсіп, олардың жалпы экспорттағы үлесі 50 пайыздан асты. Ал Үкімет бұл көрсеткішті алдағы жылдары 70 пайызға дейін жеткізуді жоспарлап отыр.
Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдері бүгінде 72-ден астам мемлекетке экспортталады. Соңғы бес жылда аграрлық экспорт көлемі екі есеге жуық өсіп, Қазақстан Орталық Азиядағы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ететін негізгі жеткізушілердің біріне айналып келеді.
Сарапшылардың пікірінше, ауыл шаруашылығын технологиялық жаңғырту, терең өңдеу кәсіпорындарын іске қосу және суды үнемдейтін технологияларды енгізу Қазақстанның әлемдік азық-түлік нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттырады.