Әлемнің шамамен 40 шақты елінде 6 миллионға жуық қазақ өмір сүріп жатыр. Бұл қазақ халқының үштен бірі әлі де шет мемлекеттерде тұрып жатқанын білдіреді. Белгілі ақын, танымал аудармашы, қытайтанушы-ғалым Дүкен Мәсімханұлы шетелдегі қазақтарды Отанына қайтару мүмкіндігі мен оның жолдары жөнінде өз пікірін білдірді, деп жазады qandastar.kz
Ғалымның айтуынша, шетелдегі қазақтардың басым бөлігі – Қытай, Ресей, Өзбекстан және Моңғолия аумағында тұратын ирредента, яғни тарихи атақонысында қалған қазақтар.
Шетелдегі қандастарымыздың 90 пайызынан астамы осы төрт елде өмір сүріп отыр. Ал диаспора өкілдері – Түркия, Иран және Еуропада тұратын қазақтар. Бұрын Отанға оралуға ниеттілер негізінен ирреденталар еді, қазір де солай
Сонымен қатар ол шетелден келгісі келетіндердің әлі де көп екенін айтады.
Ресми мәліметке қарағанда, 1,5 миллионға жуық қандас Қазақстанға көшіп келуге дайын. Бірақ біз оларды қабылдауға дайынбыз ба? Мәселе осында
Ғалым қандастарды Қазақстанға шақырудың бес негізгі тетігін атап өтті. Ол – құжаттандыруды жеңілдету, солтүстік өңірлерге қоныстанатын ауыл еңбеккерлеріне жерді тегін беру, зиялы қауым өкілдеріне жеңілдетілген ипотека немесе жалдамалы баспана беру, зейнет жасындағы қандастарға еңбек өтіліне сай зейнетақы тағайындау. Сондай-ақ қандас балаларға оқу жеңілдігін кеңейту, яғни квота бөлу, мектепке артық құжатсыз қабылдау.
Дүкен Мәсімханұлы бұл шаралар орындалса, қазақ көшінің қайта жанданатынына сенімді.
Демографиялық әлеуетті көтеру – бүгінгі заман талабы. Президент Тоқаевтың «Қандастар көшін жандандыру керек» деген сөзінің астарында дәл осы мақсат жатыр
Ғалымның айтуынша, қазақ халқының біртұтас болашағы үшін сырттағы ағайынды жүйелі түрде елге тарту – стратегиялық міндет.