Аса ірі көлемде алаяқтық жасады деген күдікке ілінген Қазақстан азаматы Ресейден елге жеткізілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы хабарлады.
Тергеу мәліметінше, күдікті 2019 жылы Ақмола облысындағы кен орнынан алтын құрамды кен өндіруге арналған келісімшартты рәсімдеуге көмектесемін деп, үш азаматтан 500 мың доллар алған. Алайда уәдесін орындамаған.
Арада екі жыл өткен соң ол тағы екі кәсіпкерді алдаған. Бұл жолы күдікті «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-мен жол-құрылыс жұмыстарына қатысты келісімшарт жасап беруге көмектесемін деген сылтаумен олардан 93,4 млн теңге алған.
Осыдан кейін күдікті елден жасырынған. Оған халықаралық іздеу жарияланып, өткен жылдың қыркүйегінде Мәскеуде ұсталған.
Қазақстан Бас прокуратурасының сұрауынан кейін күдікті елге экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторында қамауда отыр.
Егер сотта кінәсі дәлелденсе, оның мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Сонымен қатар белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасы да қарастырылған.