Ұлытау облысында пайдаланудан шыққан карьерде марганец кенін заңсыз өндіріп, өңдеумен айналысқан топтың әрекеті тоқтатылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер карьерді рекультивациялап жатқандай көрінген. Алайда іс жүзінде аумақта ауыр техникалар мен ұсату-жуу жабдықтары бар толыққанды тау-кен байыту кешені жұмыс істеген.
[video width="1280" height="720" mp4="https://qandastar.kz/wp-content/uploads/2026/08/video_2026-08-14_09-23-41.mp4"][/video]
Өндірілген марганец кені тауарлық концентратқа дейін өңделіп, кейін теміржол арқылы шекаралас елдерге экспортқа жіберіліп отырған. Кенді тұрақты тасымалдау үшін күдіктілер тіпті теміржол тұйығын жалға алған.
Тергеу барысында заңсыз өндірілген және өткізілген өнім көлемі 23 мың тоннадан асқаны, ал оның жалпы құны 1 млрд теңгеден көп болғаны анықталды.
Заңсыз өндіріс қоршаған ортаға да зиян келтірген. Бүлінген аумақтарды қалпына келтіруге қажет шығын көлемі 150 млн теңгеден асады.
Қазір қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.