Украинаның Киев қаласында Ресей әскері баллистикалық зымырандармен шабуыл жасап, Днепр өзені арқылы өтетін үш көпірді зақымдады. Салдарынан үш адам қаза тауып, 15-ке жуық адам жарақат алды. Бұл туралы Reuters агенттігі Киев қаласының мэрі Виталий Кличкоға сілтеме жасап хабарлады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Виталий Кличконың Telegram-дағы мәліметінше, зымырандар Подольск-Воскресенский, Дарницкий және Оңтүстік көпірлеріне соққы берген. Шабуылдан кейін қаладағы бірқатар жол учаскелерінде қозғалыс тоқтатылып, кейбір бағыттарда шектеулер енгізілген.
Сондай-ақ шабуыл салдарынан өрт шығып, маңызды инфрақұрылым нысандары мен ғимараттар зақымданған.
Бұдан бөлек, Днепропетровск облысында ресейлік дрондардың тұрғын үйлерге соққы беруінен бес адам жарақат алған. Харьков қаласында дрон ауруханаға шабуыл жасап, төрт адам зардап шеккен. Запорожьеде трамвайға жасалған дрон шабуылынан бір адам жараланған.
Reuters агенттігі аталған мәліметтерді әзірге тәуелсіз түрде растай алмағанын атап өтті. Ресей мен Украина соғыс барысында бейбіт тұрғындарды әдейі нысанаға алғанын жоққа шығарып келеді.