Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) азаматтарды интернет-алаяқтардың әрекетінен сақ болуға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, алаяқтар адамдардың ақшасы мен жеке деректерін иемдену үшін психологиялық қысым көрсету тәсілдерін және заманауи технологияларды кеңінен қолдануды жалғастырып отыр. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.
Агенттік мәліметінше, қаскөйлер өздерін банк, құқық қорғау органдары немесе басқа да ұйымдардың қызметкерлері ретінде таныстырып, жалған сайттар мен әлеуметтік желідегі аккаунттарды пайдаланады. Сонымен қатар олар фишингтік хабарламалар таратып, азаматтарды алдауға тырысады.
Көп жағдайда алаяқтық интернеттегі тауар сатылымы туралы жалған хабарландырудан басталады. Сатып алушы алдын ала төлем жасағанымен, кейін тауарды алмай, ақшасынан айырылып қалады.
Сондай-ақ алаяқтар банк немесе полиция қызметкері ретінде қоңырау шалып, адамның есепшотына қауіп төніп тұрғанын айтып, шұғыл түрде ақша аударуға немесе құпия мәліметтерін беруге көндіреді.
Бұдан бөлек, олар жоғары табыс уәде ететін жалған инвестициялық жобаларды ұсынып, азаматтарды ақша салуға немесе банк қосымшасына қолжетімділік беруге итермелейді.
Фишингтік шабуылдар да кең таралған. Қылмыскерлер ресми ресурстарға ұқсас жалған сайттар мен электрондық хаттар жасап, пайдаланушыларды сілтемеге өтуге және логин, құпиясөз немесе банк картасының деректерін енгізуге мәжбүрлейді. Соның салдарынан банк шотына қолжетімділік алаяқтардың қолына өтуі мүмкін.
Кейбір жағдайларда қаскөйлер мессенджерлерде таныстарыңыздың атынан хабарлама жіберіп, қарыз сұрайды немесе түрлі ұтыс ойындары мен сауалнамаларға қатысуға шақырады. Мұндай әрекеттер де ақшаның ұрлануына әкелуі ықтимал.
ҚНРДА азаматтарға жеке және қаржылық мәліметтерді қорғау үшін цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтауды ұсынды. Атап айтқанда, SMS арқылы келетін бір реттік кодтарды, PIN-кодты, CVV-кодты және басқа да құпия ақпаратты ешкімге бермеу, сайттың мекенжайын мұқият тексеру, күмәнді сілтемелерге өтпеу, қосымшаларды тек ресми платформалардан жүктеу және барлық қаржылық операциялар бойынша SMS-хабарламаларды қосу қажет.
Егер алаяқтарға ақша аударып қойған немесе жеке мәліметтеріңізді беріп қойған болсаңыз, агенттік дереу банкке және құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді. Уақытылы әрекет ету қаражатты қайтару мүмкіндігін арттырады.