Денсаулық сақтау министрінің 16 наурыздағы №34 бұйрығымен “Қоғамдық тамақтану объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар” санитариялық қағидаларына өзгерістер енгізілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz агенттігіне сілтеп хабарлайды.
Жаңартуларға сәйкес балалар санаторийлері мен сауықтыру ұйымдарының, сондай-ақ білім беру және тәрбиелеу мекемелерінің асханалары мен түстену залдарының алаң нормалары жеке-жеке нақтыланды. Ал кафелер мен мейрамханаларды қоса алғанда, қоғамдық тамақтану орындарының жалпы алаң талаптары бұрынғыдай өзгеріссіз қалды.
Сонымен қатар 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа құрылыс кодексіне байланысты санитариялық қағидалардағы кейбір терминдер редакциялық түрде түзетілді. Мысалы, бұрын қолданылған “сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтер” деген тіркес жаңа редакцияда “сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мемлекеттік нормативтік құжаттар” деп өзгертілді.
Бұл түзетулер талаптарды күшейтпейді, тек құжаттардың атауы мен редакциясын заңнамаға сәйкестендіруге бағытталған. Сондықтан 2026 жылдың 1 шілдесінен бастап қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын талаптар қатаңдайды деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.