Көкшетаудағы жол апаты бойынша жаңа дерек шықты, деп хабарлайды
порталы.
9 мамыр күні Көкшетауда тұрғын үй ауласында 52 жастағы әйелді көлік қағып, ол оқиға орнында қаза тапқан болатын. Аталған дерекке байланысты екі қылмыстық іс қозғалды.
Ақмола облысы полиция департаментінің мәліметінше, көлікті басқарған әйелдің жүргізуші куәлігі болмаған және көлік жүргізу бойынша арнайы оқудан өтпеген.
Көкшетауда 52 жастағы әйелдің қаза болуына әкелген жол-көлік оқиғасына байланысты екі қылмыстық іс қозғалды. Көлікті басқарған әйелге қатысты адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелері мен көлік құралдарын пайдалану талаптарын бұзу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында әйелдің көлік жүргізу құқығы болмағаны және тиісті оқудан өтпегені анықталды. Ал көлік иесі – оның жұбайына көлік жүргізу құқығы жоқ адамды рөлге отырғызғаны үшін қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап бойынша бас бостандығынан айыру жазасы да қарастырылған
Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр. 11 мамыр күні Көкшетау қаласының мамандандырылған тергеу соты күдікті әйелге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялады.
Полицияның хабарлауынша, істің тергелуі облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауында.
Еске салайық, әлеуметтік желілерде жол апатының видеосы тараған еді. Кадрлардан көліктің тұрақ аумағына кіреберісте жол жиегіне соғылып, кейін жаяу жүргіншіні қағып кеткені көрінеді.