Мазмұнға өту
qandastar.

Колледждер мен балалар орталықтарында зиянды тағам сатуға тыйым салынуы мүмкін

Малика Хамит
Колледждер мен балалар орталықтарында зиянды тағам сатуға тыйым салынуы мүмкін

Қазақстанда колледждер мен балалар көп жиналатын орындарда фастфуд пен құрамы зиянды өнімдерді сатуға шектеу енгізу ұсынылды, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Бұл бастаманы Құрылтай депутаты Асхат Аймағамбетов көтерді.

Депутаттың айтуынша, елдегі 5–9 жастағы әрбір төртінші бала артық салмақтан зардап шегеді. Ал 2025 жылы балалар мен жасөспірімдер арасында екінші типті қант диабетінің мыңнан астам жағдайы тіркелген.

Осыған байланысты құрамында қанты, тұзы және зиянды майы көп өнімдерді колледждерде, балалар орталықтары мен түрлі үйірмелерде сатуды шектеу ұсынылып отыр.

Бұдан бөлек, бірқатар жаңа талап енгізу көзделген:

- энергетикалық сусындарды касса маңынан алып тастау;

- тағам құрамындағы зиянды заттар туралы ақпаратты баға белгісінде көрсету;

- өнім қаптамасына арнайы ескерту жазу;

- жеткізу қызметтері арқылы сусын сатып алғанда адамның жасын тексеру;

- балаларға бағытталған зиянды тағам жарнамасын шектеу.

Айта кетейік, ұсыныс фастфудқа толық тыйым салуды көздемейді. Негізгі мақсат – балалардың зиянды тағамдарды тұтынуын азайтып, дұрыс тамақтану мәдениетін қалыптастыру.

Бөлісу: Telegram WhatsApp