ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі коллекторлық агенттіктермен өзара іс-қимыл жасау кезінде азаматтардың құқықтары мен міндеттері туралы түсініктеме берді, деп хабарлайды Qandastar.kz сайты.
Агенттіктің мәліметінше, банктер мен микроқаржы ұйымдары төлем мерзімі өткен жағдайда қарыз алушыны күнтізбелік 10 күн ішінде хабардар етіп, берешекті қайта құрылымдау жолдарын ұсынуы тиіс. Егер қарыз 90 күннен астам уақыт өтелмесе, кредитор оны сотқа дейін өндіріп алу үшін коллекторлық агенттікке беруге немесе талап ету құқығын басқа тұлғаға өткізуге құқылы.
Алайда 2024 жылғы 1 шілдеден бастап азаматтардың кредиттері бойынша талап ету құқықтарын коллекторлық агенттіктерге беруге мораторий енгізілген. Бұл шектеу 2027 жылғы 1 мамырға дейін ұзартылмақ.
Осы кезеңде азаматтардың қарыздарын коллекторларға сатуға тыйым салынады. Қарыздарды реттеу қайта құрылымдау, айыппұлдар мен өсімпұлдарды кешіру немесе талап ету құқығын бермей, сотқа дейін өндіріп алу арқылы жүзеге асырылады.
Заңнамаға сәйкес борышкерлер коллекторлық агенттіктен берешек көлемі мен құрылымы туралы толық ақпарат талап етуге, өзіне ыңғайлы байланыс тәсілін таңдауға, барлық сөйлесулерді жазып алуға, сондай-ақ коллекторлардың әрекеттерін сотта немесе уәкілетті органда даулауға құқылы.
Сонымен қатар борышкерлер тұрғылықты мекенжайы, байланыс нөмірі немесе жеке деректеріндегі өзгерістер туралы коллекторлық агенттікті хабардар етіп, қарызды реттеу мәселелері бойынша өзара әрекеттесуге міндетті.
Коллекторлық агенттіктер борышкерлермен жұмыс күндері сағат 08:00-ден 21:00-ге дейін ғана байланыса алады. Телефон арқылы күніне үш реттен артық қоңырау шалуға, ал жеке кездесулерді күніне бір реттен және аптасына үш реттен артық өткізуге рұқсат етілмейді.
Әр байланыс кезінде коллекторлық агенттік қызметкері ұйымның атауын, мекенжайын, тіркеу нөмірін, кредитордың атауын, сондай-ақ өзінің аты-жөні мен лауазымын таныстыруға міндетті.
Заң бойынша коллекторларға борышкерді жаңылыстыруға, жалған ақпарат таратуға, ар-намысы мен беделіне нұқсан келтіруге, қорқытуға, бопсалауға, күш қолдануға немесе мүлкіне зиян келтіремін деп қысым көрсетуге қатаң тыйым салынады.
Егер азаматтардың құқықтары бұзылса, олар коллекторлық агенттіктің атауын және заң бұзушылықтың нақты фактілерін көрсете отырып, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағым түсіре алады. Шағым негізінде тексеру жүргізіліп, заң бұзушылық расталған жағдайда тиісті шаралар қабылданады.