Мазмұнға өту
qandastar.

Көмекке мұқтаж отбасылар әлеуметтік қолдауды толық көлемде ала береді

Малика Хамит 31 қаралым
Көмекке мұқтаж отбасылар әлеуметтік қолдауды толық көлемде ала береді

Қазақстанда әлеуметтік көмекті тағайындау тәртібі жетілдіріліп жатыр, деп хабарлайды Qandastar.kz.

Алайда бұл өзгерістер өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтардың қолдауынан айырылатынын білдірмейді. Көмекке мұқтаж отбасылар мемлекеттік қолдауды бұрынғы тәртіппен толық көлемде ала береді. Бұл туралы Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды.

Үкімет басшысы әлеуметтік көмек нақты мұқтаж адамдарға жетуі керектігін атап өтті. Осы мақсатта отбасының табысы мен тұрмыс жағдайын бағалау үшін цифрлық жүйелер жетілдіріліп жатыр.

Көмекке мұқтаж отбасылар үшін не өзгереді?

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, әлеуметтік төлемдерді оңтайландыруға қатысты өзгерістер әл-ауқаты жоғары азаматтар үшін жәрдемақының 36 түрінің тек 14-іне ғана қатысты болады. Ал қалған 22 түрі бойынша төлемдердің қолданыстағы тәртібі өзгеріссіз сақталады.

Ең бастысы, мемлекеттік қолдауға мұқтаж азаматтар жәрдемақыларын толық көлемде ала береді. Үкімет әлеуметтік көмекті шын мәнінде көмекке мұқтаж отбасыларға бағыттауды көздеп отыр.

Отбасының жағдайы қалай анықталады?

Бұл жұмыста «Отбасының цифрлық картасы» қолданылады. Жүйеде 30-дан астам мемлекеттік ақпараттық жүйеден алынған 20 миллионнан астам азамат пен 6,2 миллион үй шаруашылығы туралы дерек жинақталған.

Дегенмен отбасының әл-ауқаты тек цифрлық мәліметтермен шектелмейді. Жергілікті атқарушы органдар азаматтардың нақты тұрмыс жағдайын қосымша тексереді. Бұл отбасыларды дұрыс санатқа жатқызып, әлеуметтік көмекті әділ тағайындауға мүмкіндік береді.

Министрлік дерегінше, 2025 жылы 480 355 отбасының тұрмыс жағдайы жақсарып, әл-ауқаты жоғары санатқа ауыстырылған. Ал 2026 жылдың басынан бері мұндай отбасылардың қатарына тағы 464 158 отбасы қосылған.

Жәрдемақыдан ерікті түрде бас тартуға болады

Әлеуметтік көмекке мұқтаж емес екенін мәлімдеген 200-ден астам азамат жәрдемақы алудан бас тартуға ниет білдірген. Енді мұндай азаматтарға eGov Mobile қосымшасы арқылы төлемнен ерікті түрде бас тарту сервисін ұсыну жоспарланып отыр. Бұл үшін мемлекеттік мекемелерге барудың қажеті болмайды.

Сонымен қатар әлеуметтік көмекті тағайындау мен төлеу үдерісі бірыңғай цифрлық платформада бақыланады. Бұл төлемдердің қайталануын болдырмауға және бюджет қаражатының ашықтығын арттыруға бағытталған.

Премьер-министр Олжас Бектенов жауапты мемлекеттік органдарға цифрлық шешімдерді жетілдіруді және халыққа түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Үкімет басшысы Қазақстан әлеуметтік бағдарланған мемлекет болып қала беретінін атап өтті. Оның айтуынша, өмірлік қиын жағдайға тап болған әрбір отбасы қажетті мемлекеттік қолдауды толық көлемде ала береді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp