Мазмұнға өту
qandastar.

Кореяға жұмысқа орналасу үшін корей тілін білу міндетті: іріктеу қалай өтеді?

Малика Хамит · · 82 қаралым
Кореяға жұмысқа орналасу үшін корей тілін білу міндетті: іріктеу қалай өтеді?

Кореяда жұмыс істегісі келетін қазақстандықтарға мүмкіндік бар, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Бірақ мұнда «ақша төлеп, жұмысқа дайын билет алу» деген схема жүрмейді. Кандидаттар арнайы EPS жүйесі арқылы бірнеше кезеңнен өтеді, ал соңғы сөзді корейлік жұмыс беруші айтады.

Қазақстан азаматтарын Оңтүстік Кореяға жұмысқа іріктеу Алматыда ашылатын EPS орталығы арқылы жүргізіледі. Алдымен үміткерлердің корей тілін білу деңгейі EPS-TOPIK тесті арқылы тексеріледі. Бұдан бөлек, адамның кәсіби білімі, тәжірибесі мен дағдылары да бағаланады.

Кімдер қатыса алады?

Кореяда жұмыс істеуге 18 бен 39 жас аралығындағы қазақстандықтар үміткер бола алады.

Кандидат:

- сотталмаған болуы;

- Кореядан бұрын мәжбүрлі түрде шығарылмаған болуы;

- Кореяға кіруге тыйым салынбаған болуы;

- Қазақстаннан шетелге шығуына шектеу қойылмаған болуы керек.

Іріктеу кезінде адамның білімі, еңбек өтілі, кәсіби сертификаттары және тест нәтижелері ескеріледі.

Тесттен өттім. Енді Кореяға ұша беремін бе?

Жоқ. Ең маңыздысы — осы.

EPS-TOPIK-тен өту және талаптарға сәйкес келу Кореяда міндетті түрде жұмысқа орналасуға кепілдік бермейді.

Барлық кезеңнен өткен азаматтардың мәліметтері ресми жұмыс іздеушілер базасына енгізіледі. Олардың ішінде білімі, тәжірибесі, сертификаттары, тест нәтижесі және қандай жұмысқа барғысы келетіні көрсетіледі.

Осы базадан корейлік компаниялар өздеріне қажетті мамандарды таңдайды. Яғни соңғы шешімді Қазақстандағы орталық немесе қандай да бір делдал емес, Кореядағы жұмыс беруші қабылдайды.

Тағы бір маңызды фактор — жұмыс орындарының саны шексіз емес. Қазақстаннан Кореяға қанша адам қабылданатынын жыл сайын корей тарапы белгілейтін квота анықтайды.

Жұмыс беруші таңдаса не болады?

Кандидатты компания таңдағаннан кейін оған еңбек шарты ұсынылады. Қол қоюға дейін болашақ қызметкерге жұмыстың сипаты, жұмыс уақыты, еңбек жағдайы және басқа да талаптар түсіндіріледі.

Шарт екі тарап қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

Бұдан соң Кореяға аттанатын азамат арнайы дайындықтан өтеді. Дайындық Алматыдағы EPS орталығында ұйымдастырылады. Медициналық тексеру мен қажетті рәсімдер аяқталып, жұмыс визасы рәсімделгеннен кейін ғана азамат Кореядағы жұмыс орнына бара алады.

Кореяда қанша уақыт жұмыс істеуге болады?

EPS жүйесі арқылы жұмыс істеу мерзімі үш жылға дейін созылуы мүмкін. Заңда көрсетілген жағдайларда бұл мерзімді тағы 1 жыл 10 айға ұзартуға мүмкіндік бар.

Ал келісімшарттағы жұмыс мерзімін толық аяқтап, Қазақстанға өз еркімен қайтқан жұмысшыларға кейін Кореяға қайта бару кезінде жеңілдетілген жағдайлар қарастырылған.

«Ақша берсең, Кореяға жұмысқа кіргіземін» дегендерге сенбеңіз

Еңбек министрлігі азаматтарды жеке делдалдардан сақ болуға шақырады.

«Жұмысқа 100 пайыз орналастырамыз», «тестсіз өткіземіз», «кезектен тыс тізімге енгіземіз» деген уәделерге сенуге болмайды. Өйткені ешқандай жеке адам немесе компания Кореядағы жұмыс берушінің шешіміне кепілдік бере алмайды.

EPS жүйесіндегі тіркеу, тестілеу және іріктеу мерзімдері туралы нақты ақпарат Қазақстанның Еңбек министрлігінің ресми ресурстарында жарияланады.

Сондықтан Кореяға жұмысқа баруды жоспарлағандар әзірге құжаттарын дайындап, корей тілін үйренуге кіріскені дұрыс. Ал тіркеу басталғанда ақпаратты тек ресми дереккөздерден тексерген жөн.

Бөлісу: Telegram WhatsApp