ҚР Қорғаныс министрінің қару-жарақ және әскери техника жөніндегі орынбасары Шайх-Хасан Жазықбаев Ербаян Мұхтардың қазасына байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Kazinform агенттігіне сілтеп хабарлады.
Сенат кулуарында журналистердің сұрағына жауап берген министр орынбасары марқұмның ата-анасы мен жақындарына Қорғаныс министрлігі атынан көңіл айтты.
Оның сөзінше, аталған оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалған және жауапты тұлғалардың кінәсі тергеу нәтижесінде анықталады. Сонымен қатар тәртіптік шараларды Ұлттық ұлан басшылығы қарастырады.
Жазықбаев қазіргі таңда оқиғаны тергеу Ішкі істер министрлігінің құзыретінде екенін атап өтті. Бұдан бөлек, іске әскери прокуратура мен басқа да уәкілетті органдар тартылған.
Сондай-ақ ол Ербаян Мұхтар ем қабылдаған кезеңде қажетті көмек көрсетілгенін және министрлік отбасы мүшелерімен байланыста болғанын айтты. Оның пікірінше, Ұлттық ұлан басшылығы жерлеу рәсіміне де қатысады.