Мазмұнға өту
qandastar.

Көршіңіз мүлкіңізге зиян келтірсе, өтемақыны қалай өндіріп алуға болады?

Бақытжан Мұса
magnific.com
magnific.com

Қазақстанда көршінің кінәсінен пәтерді су басу, мүліктің бүлінуі немесе көлікке зақым келуі сияқты жағдайлар кездеседі. Мұндай жағдайда зардап шеккен азамат келтірілген шығынды толық көлемде өндіріп алуға құқылы. Заңгерлер өтемақы алу үшін оқиғаны тіркеп, залалды бағалатып, қажет болған жағдайда сотқа жүгінуге кеңес береді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 917-бабына сәйкес, азаматтың мүлкіне келтірілген зиян оны келтірген тұлға тарапынан толық көлемде өтелуге тиіс.

Мамандар мұндай жағдайда эмоцияға берілмей, төмендегі әрекеттерді орындауды ұсынады.

1. Оқиғаны фото және видеоға түсіріңіз

Ең алдымен, келтірілген залалды фото және бейнежазбаға түсіріп алыңыз. Зақымданған мүліктің жай-күйі мен орналасқан жері анық көрінуі керек. Сондай-ақ оқиғаға куә болған көршілердің байланыс деректерін жазып алған жөн.

2. Зиян келтіру фактісі туралы акт жасатыңыз

Егер пәтерді су басса немесе үйдің ортақ мүлкіне зақым келсе, МИБ/ОСИ, ПИК/КСК немесе басқарушы компания өкілдерін шақырыңыз.

Олар оқиға орнын тексеріп, зиян келтіру фактісі туралы акт жасайды. Құжатта оқиғаның күні, себебі және зақымданған мүліктің тізімі көрсетілуі қажет. Актіге тексеруге қатысқан адамдар қол қояды. Егер кінәлі көрші құжатқа қол қоюдан бас тартса, бұл жайт актіде көрсетіледі.

3. Келтірілген шығынды бағалатыңыз

Көрші өтемақы төлеуден бас тартса немесе ұсынған сомасы шығынды жаппаса, тәуелсіз бағалаушының көмегіне жүгінуге болады.

Бағалаушы келтірілген залалдың мөлшерін есептеп, ресми қорытынды береді. Бұл құжат кейін сотта дәлел ретінде пайдаланылуы мүмкін.

Маңыздысы, бағалау жүргізілетін күн мен уақыт туралы кінәлі көршіні алдын ала хабардар еткен дұрыс. Ол үшін тапсырыс хат, SMS немесе мессенджер арқылы хабарлама жіберуге болады.

4. Сотқа дейінгі талап хат жолдаңыз

Бағалау қорытындысын алғаннан кейін көршіңізге жазбаша талап хат (претензия) жіберіңіз.

Құжатта келтірілген шығынның нақты сомасы мен оны ерікті түрде өтеу мерзімі көрсетілуі керек. Мысалы, 10 күнтізбелік күн ішінде төлеуді талап етуге болады.

Талап хатты алғанын растайтын дәлелі болуы үшін тапсырыс хатпен жіберген жөн.

5. Өтемақы төленбесе, сотқа жүгініңіз

Егер көрші белгіленген мерзімде шығынды өтемесе, азамат сотқа талап арыз бере алады.

Сот арқылы негізгі залал сомасымен қатар, заңда көзделген тәртіппен мына шығындарды да өндіріп алу мүмкіндігі бар:

  • тәуелсіз бағалаушының қызмет ақысы;

  • төленген мемлекеттік баж;

  • заңгер немесе адвокат көмегіне жұмсалған шығындар.

Бұл шығындарды өндіріп алу үшін олардың нақты жұмсалғанын растайтын құжаттар қажет.

Қолхат алуды ұмытпаңыз

Егер көршіңіз өтемақыны ерікті түрде төлеуге келіссе, ақшаны алғаныңызды растайтын қолхат рәсімдеңіз. Ал төлемді бөліп төлейтін болса, қалған соманы өтеу мерзімі мен тәртібі көрсетілген жазбаша міндеттеме алған дұрыс.

Осылайша, көршінің кінәсінен мүлкіңізге зиян келсе, оны өз есебіңізден қалпына келтіруге міндетті емессіз. Ең бастысы – оқиғаны дер кезінде тіркеп, шығынды құжатпен дәлелдеу және заңда көзделген тәртіппен өтемақы талап ету.

Бөлісу: Telegram WhatsApp