Қазақстан–Ресей шекарасындағы Павлодар облысындағы «Қосақ» өткізу пунктінде жүк көліктерінің кептелісі тіркелді. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Qandastar.kz.
Ведомство мәліметінше, шекарадағы көлік қозғалысының баяулауы маусымдық факторларға байланысты. Атап айтқанда, жеміс-жидек пен көкөніс өнімдерін тасымалдау көлемінің артуы өткізу пунктіне түсетін жүктемені көбейткен.
Кептелісті азайту мақсатында өткізу пункті күшейтілген режимде жұмыс істеп, жергілікті атқарушы органдармен бірлескен шаралар қабылданып жатыр. Сонымен қатар, тасымалдаушыларға алдын ала жоспарлау және электрондық кезек жүйесін пайдалану ұсынылады.
ҰҚК дерегіне сәйкес, «Қосақ» өткізу пункті тәулігіне орта есеппен 200–220 жүк көлігін өткізе алады. Сондай-ақ өңірде басқа да халықаралық өткізу пункттері жұмыс істеп тұрғаны атап өтілді.