Қосшы қаласының тұрғыны дәрігердің қабылдауына жазылмақ болып, алаяқтардың арбауына түсіп, 6,1 миллион теңгесінен айырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Полиция мәліметінше, оқиға 12-16 маусым аралығында болған.
Әйелге өзін медициналық орталық қызметкері ретінде таныстырған белгісіз адам хабарласып, дәрігердің қабылдауына жазылуды растау үшін SMS арқылы келген кодты айтуды сұраған.
Көп ұзамай жәбірленушіге түрлі аккаунттарына бөгде адамдардың кіру әрекеттері туралы хабарламалар келе бастаған. Одан кейін оған өзін қаржылық бақылау қызметінің мамандары ретінде таныстырған алаяқтар хабарласқан.
Қаскөйлер әйелдің жинақ ақшасына қауіп төніп тұрғанын айтып, қаражатты қорғау мақсатында депозиттегі ақшасын шешіп алып, «қауіпсіз шоттарға» аударуға көндірген. Нәтижесінде тұрғын барлық жинағынан айырылған.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдарға SMS-кодтарды, банк деректерін және жеке мәліметтерді бермеуге, сондай-ақ «қауіпсіз шот» туралы ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.