Қостанай қалалық соты сапасыз ерін пластикасынан зардап шеккен әйелдің талап-арызын ішінара қанағаттандырды. Сот шешімімен пластикалық хирургия саласында сертификаты мен медициналық қызмет көрсетуге лицензиясы болмаған азаматтан талапкердің пайдасына 1 млн 367 мың теңге өндірілді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлады.
Іс материалдарына сәйкес, 2024 жылдың қазан айында жауапкер талапкерге хейлопластика (ерін пластикасы) жасап, қызметі үшін 120 мың теңге алған. Кейін алғашқы операцияның нәтижесіне көңілі толмаған әйелге 2025 жылдың сәуірінде тағы бір ота жасалып, ол үшін қосымша 90 мың теңге төленген.
Уәкілетті орган жүргізген тексеру барысында операция жасаған азаматтың «Пластикалық хирургия» мамандығы бойынша сертификаты да, медициналық қызмет көрсетуге қажетті лицензиясы да болмағаны анықталған.
Сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша, операция кезінде тіндердің шамадан тыс алынуынан талапкердің жоғарғы ернінде тыртықты деформация пайда болған. Сарапшылар бұл жарақаттың жасалған хирургиялық араласумен тікелей байланысты екенін айтып, денсаулыққа келтірілген зиянды орташа ауырлықтағы зиян деп бағалаған.
Сот жауапкердің тиісті рұқсат құжаттарынсыз медициналық қызмет көрсеткенін және медициналық құжаттарды рәсімдемегенін ескеріп, талапты ішінара қанағаттандырды.
Нәтижесінде талапкерге операциялар үшін төленген 210 мың теңге, моральдық зиян үшін 700 мың теңге және сот сараптамасына жұмсалған 457 мың теңге өтемақы ретінде өндірілді. Жалпы өтемақы көлемі 1 млн 367 мың теңгені құрады.
Еске салайық, бұған дейін Маңғыстау облысында және Алматы қаласында липосакциядан кейін пациенттердің қаза табуына байланысты Денсаулық сақтау министрлігі пластикалық хирургия қызметін көрсететін клиникаларға бақылауды күшейтетінін мәлімдеген болатын.