Қызылордада әлеуметтік желідегі даулы жарияланымдарымен танылған 22 жастағы блогер қыз әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Полиция мәліметінше, Шұғыла Сәбит түнгі уақытта тыныштықты бұзып, тәртіп сақшыларының заңды талаптарына бағынбаған. Бұдан бөлек, оған ұсақ бұзақылық жасап, жалған ақпарат таратты деген айып тағылған.
Іс сотта қаралып, қызға әкімшілік қамау жазасы тағайындалды. Сонымен қатар оған бірнеше әкімшілік айыппұл салынып, ресми ескерту жасалған.
Жауапкершілікке тартылғаннан кейін блогер әлеуметтік желідегі тиісті жазбаларын өшірген.
Даудың басталуына оның бұған дейін әлеуметтік желіде өзін «күлгені үшін жауапқа тартты» деген мазмұнда ақпарат таратуы себеп болған. Полиция бұл мәліметті жалған деп бағалап, қыздың билік өкілдеріне құрметсіздік танытқанын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдары әлеуметтік желідегі жазбалар да заң талаптарынан тыс қалмайтынын ескертті.
Полиция қызметкерлерінің заңды талабына бағынбау, арандатушылық әрекет жасау және жалған ақпарат тарату әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін.