Қостанай облысында лицензиясыз микроқаржы қызметін ұйымдастырған екі тұрғын сотталды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, олар 2024–2025 жылдары төрт компания арқылы заңсыз қаржылық қызмет жүргізген. Компаниялар облыстың аудан орталықтары мен кенттерінде жұмыс істеген.
Азаматтарға банктерге бармай-ақ, зергерлік бұйымдарын кепілге қойып ақша алу ұсынылған. Қызмет ресми түрде комиссиялық сауда ретінде көрсетілгенімен, іс жүзінде тұрғындарға мүлкін кепілге қою арқылы ақша берілген.
Қарызды пайдаланғаны үшін клиенттерден күн сайын 0,4% сыйақы алынған. Бұл ретте азаматтармен кәдімгі қарыз шарттары жасалмаған. Оның орнына мәмілелерді заңды комиссиялық қызмет ретінде көрсету үшін түрлі формалды құжаттар рәсімделген.
Екі жыл ішінде бұл қызметке 1 600-ден астам адам жүгінген. Заңсыз жолмен түскен кіріс көлемі 579 миллион теңгеден асқан.
Сот екі азаматты да кінәлі деп танып, мүлкін тәркілей отырып, 2 жылға бас бостандығынан айырды.
Тәркіленген мүлік арасында бес пәтер, үш автокөлік және екі жер телімі бар.