Әлеуметтік желіде күрделі операцияны сәтті аяқтағаннан кейін ота бөлмесінде қуанышын ерекше қимылмен жеткізген хирургтің видеосы тарады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Бейнежазбаның авторы — тамыр хирургы Дмитрий Корчагин. Дәрігер бірнеше сағатқа созылған күрделі отаның сәтті аяқталғанын атап өтіп, сол сәттегі қуанышын «жеңіс биі» арқылы білдірген.
Дәрігердің айтуынша, оның негізгі мақсаты — науқастардың аяқ-қолын сақтап қалу, ауырсынуын жеңілдету және олардың қайтадан өздігінен жүруіне мүмкіндік жасау. Сондықтан күрделі отаның сәтті аяқталуы хирург үшін ерекше қуаныш сыйлаған.
Кадрларда отадан кейінгі толқынысын жасыра алмаған дәрігердің әріптестерімен бірге операция бөлмесінде жүргені көрінеді.
Бейнежазба әлеуметтік желіде тарап, қолданушылар хирургтің кәсібіне деген жауапкершілігі мен науқас тағдырына алаңдайтынын атап, жылы пікірлерін білдіріп жатыр.