Құрылтайда Қоғамдық қабылдау ашылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Құрылтай азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын тікелей қабылдайтын Қоғамдық қабылдау жұмысын бастады.
Бұл туралы шешім Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында қабылданды.
Құрылтай Төрағасының орынбасары Динара Закиеваның айтуынша, жаңа алаңның негізгі мақсаты – азаматтармен тікелей байланыс орнатып, олардың мәселелері мен ұсыныстарын қарау.
Құрылтай депутаттарының азаматтарды қабылдау кестесі барлық фракциялар мен комитеттермен келісілген. Кесте Құрылтайдың ресми сайтында жарияланған.
Депутаттың қабылдауына бірнеше жолмен жазылуға болады. Азаматтар ресми сайт арқылы электрондық өтініш жібере алады. Сондай-ақ жазбаша немесе қолма-қол өтініш беріп, ауызша түрде тікелей жүгінуге мүмкіндік бар.
Қоғамдық қабылдаудың жұмысын үйлестіру Константин Авершин, Айжан Аймағанова және Шолпан Кариноваға жүктеледі.