Мазмұнға өту
qandastar.

Құрылтай депутаттығына үміткерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады

Бақытжан Мұса · · 51 қаралым
Құрылтай депутаттығына үміткерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсырады

Жаңа парламент – Құрылтай депутаттығына үміткерлер сайлауға тіркелу кезінде өздерінің активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсыруы тиіс. Бұл талап кандидаттардың жұбайларына да қолданылады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметіне сәйкес, декларация үміткердің тұрғылықты жері бойынша ұсынылады және сайлауға ұсынылған айдың бірінші күніндегі жағдай бойынша толтырылады.

Құжатта кандидаттар мен олардың жұбайлары өздеріне тиесілі мүлік, қаржылық активтер және берешек міндеттемелері туралы толық ақпарат көрсетуі қажет.

Декларацияда шетелдегі жылжымайтын мүлік, соның ішінде пәтерлер, тұрғын үйлер мен жер учаскелері, сондай-ақ шетелде тіркелген автокөліктер, арнайы техникалар, тіркемелер, әуе және су көліктері көрсетіледі.

Сонымен қатар шетелдік банктердегі есепшоттардағы қаражаттың жалпы сомасы 1000 айлық есептік көрсеткіштен (4,2 млн теңгеден) асқан жағдайда, ол да міндетті түрде декларацияға енгізілуі тиіс.

Бұдан бөлек, Қазақстандағы және шетелдегі басқа да активтер туралы мәлімет беріледі. Олардың қатарына салынып жатқан тұрғын үйдегі үлес, шетелдік компаниялардағы қатысу үлесі, бағалы қағаздар, қаржы құралдары, цифрлық активтер, оның ішінде криптовалюта жатады.

Сондай-ақ инвестициялық алтын, зияткерлік меншік объектілері, авторлық құқықтар, 10 мың АЕК-ке дейінгі (42 млн теңгеге дейінгі) қолма-қол ақша, шетелдік брокерлердегі есепшоттар және құны 1000 АЕК-тен асатын өзге де бағалы мүлік декларацияда көрсетілуі керек. Қажет болған жағдайда мұндай мүліктің бағалау құжаты талап етіледі.

Декларацияға қарыздар мен басқа да берешек міндеттемелері де енгізіледі. Егер басқа тұлғалар алдындағы қарыз немесе талап ету құқығы нотариалды куәландырылған келісімдермен, сот шешімдерімен немесе өзге де ресми құжаттармен расталса, оларды да көрсету міндетті.

Мемлекеттік кірістер комитеті кандидаттарға декларация тапсырмас бұрын барлық растайтын құжаттарды алдын ала дайындауға, қажет болған жағдайда мүлікті бағалатып, мемлекеттік реестрлердегі мәліметтердің дұрыстығын тексеруге кеңес берді.

Егер реестрлерде қате мәліметтер анықталса, оларды декларация тапсырылғанға дейін түзету қажет. Ол үшін тиісті мемлекеттік органға немесе жауапты ұйымға жүгіну керек.

Бөлісу: Telegram WhatsApp