Мазмұнға өту
qandastar.

Қырғызстанда Қамшыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Бақытжан Мұса · · 186 қаралым
Қырғызстанда Қамшыбек Ташиевке қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды

Қырғызстанның Бас прокуратурасы Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің бұрынғы төрағасы Қамшыбек Ташиев үстінен қозғалған қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті. Бұл туралы оның адвокаты Икрамидин Айтқұлов әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады дейді Qandastar.kz.

Адвокаттың мәліметінше, іс Бішкектің Первомай аудандық сотына жолданған және оған «құпия» мәртебесі берілген. Осыған байланысты сот отырыстары жабық форматта өтеді, ал тергеу мен сот материалдарын жариялауға тыйым салынады.

Қылмыстық іс бойынша Қамшыбек Ташиевпен бірге тағы жеті адам жауапқа тартылып отыр. Оған билікті күшпен басып алуға дайындалды және қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланды деген айыптар тағылған.

Бұған дейін, 29 сәуір күні бұрынғы шенеунік өзіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растаған еді. Оның мәлімдемесін Facebook желісінде «Регион» телеарнасының жетекшісі Откурбек Рахманов жариялады. Мәлімдемеде Ташиев өз кінәсін мойындамайтынын айтып, ақталатынына сенім білдірген. Сонымен қатар ол жақтастарын заң талаптарын бұзбауға шақырды.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, бұл іс «75-тің хатына» байланысты болуы мүмкін. Аталған хатта саясаткерлер мен қоғам қайраткерлері Қырғызстанда мерзімінен бұрын президент сайлауын өткізуді ұсынған.

9 ақпанда 75 адамнан тұратын топ Қырғызстан президенті Садыр Жапаров пен сол кездегі парламент спикері Нұрланбек Тұрғынбек уулына үндеу жолдап, кезектен тыс сайлау өткізуді талап еткен. Кейін кейбір қатысушылар хатқа мазмұнымен толық таныспай қол қойғандарын мәлімдеді.

Осы оқиғаға байланысты елдің Ішкі істер министрлігі қылмыстық іс қозғап, бірнеше адамды қамауға алды. Олардың қатарында қоғам қайраткері Бекболот Талғарбеков, бұрынғы ауыл шаруашылығы министрі Емилбек Ұзақбаев, экс-депутат Құрманбек Дыйқанбаев, бұрынғы премьер-министрдің орынбасары Аалы Қарашев және экс-министрдің орынбасары Құрсан Асанов бар.

Айта кетейік, Қамшыбек Ташиев биыл 10 ақпанда Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитеті төрағасы қызметінен босатылған болатын. Кейін президент Садыр Жапаров парламентте «президент адамдары» мен «арнайы қызмет өкілдері» арасында жік пайда болғанын айтқан еді. Соңғы апталарда осы жағдайларға байланысты бірнеше депутат мерзімінен бұрын мандатынан айырылып, кейбірі жемқорлық және билікті асыра пайдалану баптары бойынша тергеуге ілінді.

Бөлісу: Telegram WhatsApp