Қытайда мемлекеттік мұнай-газ саласындағы ірі компаниялардың бірі – CNOOC-тың бұрынғы топ-менеджері Юань Гуаньюй парақорлық ісі бойынша кінәлі деп танылып, өлім жазасына кесілді.
Алайда сот үкімді екі жылға кейінге қалдыру туралы шешім қабылдаған, деп жазады qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Агенттік мәліметінше, сот Юань Гуаньюйді 152 миллион юаньнан астам (шамамен 22,5 миллион АҚШ доллары) көлемінде заңсыз сыйақы алды деп таныған.
Тергеу деректеріне сәйкес, ол 2001 жылдан 2022 жылға дейін түрлі компанияларға келісімшарттар жасауға көмектесіп, бизнес жүргізуге қолдау көрсеткен және кадрлық тағайындауларға ықпал еткені үшін ақша мен бағалы мүлік алған.
Сот шешімімен бұрынғы топ-менеджер өмір бойына саяси құқықтарынан айырылып, оның мүлкі мемлекет пайдасына тәркіленеді.
Reuters агенттігінің жазуынша, айыпталушы сот барысында кінәсін толық мойындап, заңсыз жолмен алынған қаражатты қайтарған әрі тергеумен белсенді ынтымақтасқан. Осы жағдайлар жазаны орындауды екі жылға шегеру туралы шешім қабылдауға негіз болған.
Айта кетейік, соңғы жылдары CNOOC компаниясы Қазақстандағы энергетикалық жобаларға да қатысып келеді. Компания «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп Атырау облысындағы «Жылыой» учаскесін игеру жобасын жүзеге асыруда.