Түркістанда қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция капитанының өліміне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Алдын ала ақпаратқа сәйкес, патрульдік полиция экипажы жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, өзге жүргізушілерге қауіп төндірген жеңіл көлікті тоқтатуға шыққан.
Осы кезде Саттарханов даңғылы мен Тараз көшесінің қиылысында қызметтік Chevrolet Cobalt автокөлігі жол-көлік оқиғасына ұшыраған.
Апат салдарынан Түркістан қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының аға инспекторы, полиция капитаны Бауыржан Қонысбеков ауыр жарақат алып, оқиға орнында көз жұмды.
Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін қажетті тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесіне сәйкес заң аясында процессуалдық шешім қабылданады.
Ішкі істер министрлігі мен Түркістан облысы полиция департаменті марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтып, Бауыржан Қонысбековтің қызметтік антына адал болып, кәсіби борышын соңына дейін абыроймен атқарғанын атап өтті.