Қызылорда облысы әкімін тағайындауға келісім беру мәселесі мәслихат депутаттарының алдағы жиналысында қаралатын болды. Бұл туралы тиісті хабарлама арқылы мәлім етілді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Nur.kz порталына сілтеп хабарлады.
Құжатта Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 8 маусымдағы №912 Жарлығына сәйкес облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімдерін тағайындауға келісім беру тәртібі бекітілгені көрсетілген.
Осы тәртіпке сай, Қызылорда облысының әкімі лауазымына ұсынылған кандидатқа келісім беру үшін облыс аумағындағы мәслихат депутаттарының бірлескен отырысы 2026 жылғы 8 мамыр күні сағат 09:00-де Қызылорда қаласындағы Бейбарыс Сұлтан көшесі, №1 мекенжайында орналасқан Облыстық мекемелер үйінде өтеді.
Айта кетейік, Қызылорда облысын 2022 жылғы 7 сәуірден бері Нұрлыбек Нәлібаев басқарып келген. Ол 2026 жылғы 6 мамырда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалды.